Оралда балаларға арналған «Муза» композициясы ашылды

Оралда балаларға арналған «Муза» композициясы ашылды.  Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев шеруге қатысушылар мен мереке қонақтарын Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, елімізде жеткіншектердің терең білім алып, бос уақыттарын мәнді де сәнді өткізулеріне барынша жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Бұл күнгі ерекше жаңалық ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай іске қосылған оқушылар және жастар сарайы алдында «Муза» композициясының ашылуы болды. Аталмыш сарайда балалардың ынта-қабілетіне қарай түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Енді, міне, олардың шабытын шақыратын жаңа ескерткіш дүниеге келді. Композиция авторы Дмитрий Баймұқашевтің айтуынша, әйнекпластикадан жасалған ескерткіштің биіктігі - 5 метр. Айналасын абаттандыруды қосқанда, 5 млн. теңге жұмсалған.

Шаһар басшысы сондай-ақ мереке құрметіне Достық үйінде дарынды балалармен кездесіп, емін-еркін әңгімелесті. Дөңгелек үстел жанына оқу озаттары, спорттық жарыстар мен пәндік олимпиадалардың, түрлі байқаулардың жеңімпаздары жиналды. Биыл қала мектептерінде 40 мыңнан астам оқушы білім алса, олардың арасында таланттылары аз емес. Қала тарихында бірінші рет бірден төрт жаңа мектептің салынуы да мемлекет тарапынан білім беру саласына айрықша көңіл бөлініп отырғандығын көрсетеді. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шаралар облыс аудандарында да ұйымдастырылды. Автор: Елжан Ералы