Азаттықтың ширек ғасырлық тойы қарсаңында Оралда оқушылар сарайы пайдалануға берілді

Ғимараттың бірінші қабатында түрлі спорттық және техникалық үйірмелермен қатар жеңіл атлетикалық манеж, жүзу бассейні, мұз айдыны және бокс орталығы орналасқан. Орталыққа бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің есімі берілді. Данияр Елеусінов, Олимпиада чемпионы -Бақыттымын. Қанша дегенмен осы елдің түлегімін, өте қуаныштымын. Осы спорт залдан тағы да чемпиондар шығады деген үміттемін. Ал ғимараттың өзге қабаттарында хореография және иога залы, ұлттық ойындар алаңы, заманауи фотозертхана, көрме залы мен кітапхана бар. Ең жоғарысындағы планетарий мен обсерваторияда оралдық өрендер аспан әлемін зерттей алады. Бекзада Задагереева, оқушы -Өте қуаныштымыз. Осы планетарий арқылы әртүрлі жұлдыздарды телескоп арқылы көре аламыз. Оларды зерттеп, қалай пайда болғаны жайында біле аламыз. Жансұлу Төремұратова , Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы -Қалада 9 мектептен тыс орталық болса, тек қала орталығында саз мектебі бар. Ал қалғаны кішігірім ғимараттарда орналасқан. Болашақта жұмысымыз сан алуан бағытты қамтиды. Балалар үшін үлкен білім мен тәрбие ордасына айналады деп сенемін. Сонымен қатар оқушылар сарайында интерактивті тақталармен жабдықталған арнайы кабинеттерде математика, химия, биология, физика пәндері тереңдете оқытылмақ. Жалпы алғанда мұнда күніне 2 ауысымда 1500 бала өнермен, спортпен, шығармашылықпен шұғылдана алады. Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов