Оқушылар және жастар сарайы ашылды

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында тағы бір зәулім ғимаратты іске қосқалы тұрмыз. Әлеуметтік-спорттық бағыттағы бұл нысан жастарымыздың интеллектуалдық және жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауы үшін Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бойынша салынды. Мұнда шығармашылықпен, спортпен айналысуға, түрлі үйірмелерге қатысуға толық мүмкіндік қарастырылған. Бұл ғимаратта екі үлкен зал бар. Ойластыра келе, сол залдың бірінде біздің даңқты жерлесіміз, ХХХІ жазғы олимпиада чемпионы, бокстан ұлттық құрамамыздың капитаны Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығын ашуды жөн деп шештік. Соған орай Данияр және оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусіновтер арнайы келді. Ал екіншісі жеңіл атлетика залы болады. Осы ғимарат «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына салынды. Сол үшін компания басшылығына өз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ нысанды талапқа сай етіп салғаны үшін «Альтаир» ЖШС-ның ұжымына да алғысымды айтамын, – деді өз құттықтау сөзінде өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Ал «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли сәтті жүзеге асқан бұл жоба компания мен облыс әкімдігінің арасындағы берік байланыстың бір көрінісі екенін атап өтіп, ғимараттың бейнелік кілтін «Жас ұлан» ұйымының мүшелеріне табыстады.

Ардагер ұстаз Борис Чебаков пен олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов салтанатты лента қию рәсімін орындаған соң жиналғандар Оқушылар және жастар сарайының ішін аралап көрді. Айта кетейік, аумағы 16,2 мың шаршы метр ғимаратта шығармашылық, дизайн, сәулет, йога, аэробика, кеме мен әуе құрылғыларын жасау және фотоөнерге баулитын бөлмелер бар. Әдебиет, химия, физика, математика, тіл сыныптары, әскери-патриоттық клуб, экология, өлкетану үйірмелері де жұмыс істемек. Бұл үйірмелердің бәрі оқушылар үшін тегін. Сондай-ақ мұнда жүзу бассейні мен мұзайдыны да бар.

Бокс орталығының ашылу салтанатында сөз алған Данияр Елеусінов өзінің атын иеленген орталықтың ашылғанына қуанышты екенін жеткізіп, алғашқы шеберлік дәрісін өткізді.