Қашықтықтан білім беру – заманға сай ілім беру

Қазіргі заманғы білім беруді компьютерлер мен интернетсіз елестету мүмкін емес. Сол себепті де қашықтықтан оқыту технологиялары кең таралған.

Ең көп тараған жіктемеге сәйкес, қашықтықтан оқыту технологиясының үш түрі бар: кейс-технология, телевизиялық-спутниктік технология және интернет-оқыту немесе желілік технология екені баршамызға мәлім.

Шаһарымыздың әсем төрінен бой тіккен, мыңдаған балаларды бауырына тартқан Оқушылар сарайы елде орын алған жағдайға түсінікпен қарап, қабылданған шешімді әркез қолдап келеді. Мұнда карантиннің алғашқы күндерінен бастап-ақ қашықтықтан оқыту технологиясының алгоритмі жасақталып, үйірме сабақтары қашықтықтан жүзеге асырылып, желілік технология қарқынды түрде қолданылып келеді. Бұл жөнінде ақпарат Оқушылар сарайының сайтында, әлеуметтік желілерінде (инстаграм, фейсбук), YouTube каналында уақтылы жарық көріп отырады.

Сонымен қатар, бұл кезеңдерде қалалық интернет-байқаулар, онлайн шеберлік сынып өткізіліп, елмен бірге екендігімізді ата-аналарға, балаларға шыдамдылық пен табандылық танытқандары үшін алғыс айтумен білдірген болатынбыз. Мұндағы мақсат оқушылардың бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы іске жұмсау, зияткерлік әрі шығармашылық қабілеттерін шыңдау, ең бастысы – баланың денсаулығын қауіпті індеттен қорғау еді. Ал, балалар –біздің болашағымыз, басты байлығымыз.

 

Негізінен, қашықтықтан оқыту технологиясы бірқатар маңызды педагогикалық міндеттерді шешуге мүмкіндік беретініне көз жеткіздік деуге болады:

  1. Білім беру кеңістігін құру;
  2. Оқушылардың танымдық дербестігі мен белсенділігін қалыптастыру;
  3. Сыни тұрғыдан ойлауға, төзімділікті дамытуға, әртүрлі көзқарастарды конструктивті талқылауға дайын болуға үйрету.

Қашықтықтан білім беру арқылы тұлғаны тәрбиелеу мен әлеуметтендіруге аз көңіл бөлінгенімен, ол қосымша білім алуға және біліктілікті арттыруға қолайлы екенін аңғартады. Дегенмен, елге төнген сын сағатта сабырлылық пен сенімділік танытып, «Біз – біргеміз! Бәрін бірге жеңеміз!» деген үлкен үмітпен Сарай жұмысын қашықтықтан жүзеге асыруды қолайлы қолданып келеміз.  

 

Директордың орынбасары

Алмагүл Құспанова