Оқушылар сарайы директорының құттықтауы

Елімізде қосымша білім беру қызметі әрқашан маңызды орынға ие. Өйткені, ел ертеңі саналатын жастардың жан-жақты дамуы, терең білімді, мәдениетті, бәсекеге қабілетті болуын мектеп баспалдағы негізге алса, ал нағыз шығармашыл жастар мен дарындыларды дайындайтын, шеберлерді шыңдайтын қосымша білім беру орталықтары екені баршаға аян. Қаламызда осындай 9 орталық болған болса, осыдан екі жыл бұрын, яғни ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында шаһарымыздың әсем төрінен жасөспірімдер мен жастарға арналған Оқушылар сарайы ашылған болатын. Бүгінде көпбейінді бұл сарай жастар мен жасөспірімдердің өз мүмкіндіктерін арман-мақсаттарымен байланыстыра отырып жүзеге асыратын орталыққа айналды. Небары екі жылдық тарихында шәкірттері әр саланың жеңімпаздары қатарынан танылды. Күніне мыңдаған жасқа тәрбие мен білімді ұштастыра берген осы орталық тағылымды тәрбие бастауына айналды десек артық айтпаған болармыз. Өйткені биылғы жылдың өзінде «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын апамыз А.Бақтыгереева сарай жастарымен кездесіп, түйінді әңгіме соңында бүлдіршіндерге ақ батасын берген болатын. Сондай-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаев батыс өңіріне келген сапарында сарай жастарымен кездесіп, мұндағы жүріп жатырған жұмыс барысына оң бағасын беріп кеткен болатын. Биылғы оқу жылының жаңашылдығы орталығымызда IT-сынып ашылды. Тарихы терең елдің тұғырын ұстап қалар бүгінгі жастардың игілігі үшін қызмет ететін осындай қосымша білім беру жүйесіне биыл 100 жыл толып отыр. Осы орайда желтоқсан айында аталып өтпек дүбірлі тойдың дайындығы да басталып кетті. Қалай десек те, бұл - ғасырлық ғұмыры бар жүйенің жұмысы жолында аянбай ететін ұлағатты ұстаздардың, жемісін көрген балғын шәкірттердің тойы. Олай болса, ғасырлық той құтты болсын!


Жастарымды дарынды еткен осынша,


Бастауың бар қайнар бұлақ кең екен!


Жалын берер, нұрын төгер қосымша,


Құтты болсын бір ғасырлық мерекең!

 

Сандуғаш Алманбетова,

Оқушылар сарайының директоры